Кентаулық талапкер Айдос Қожанов Ұлттық бірыңғай тестілеуден 138 балл жинады. Бұл әзірге еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.Айдос Хайруллаұлы 10 жыл бойы №16 Юрий Гагарин атындағы мектеп-лицейінде оқып, 11 сыныпта «Грант» мектебіне ауысқан. Айдос болашақта математика пәнінен мұғалім болғысы келеді, деп атап өтті Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметі. Түркістан облысында биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 27 340 оқушы өтінім білдірген. Жалпы облыста 32 306 оқушы 11-сыныпты тәмамдаған. Оның 1 727-і - «Алтын белгіге», 2 466 оқушы - «Үздік аттестатқа» үміткер. Айта кетері, ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда талапкердің ҰБТ нәтижелері жойылады.