Алматы қаласында Ұлттық қауіпсіздік комитеті өткізген іс-шаралар нәтижесінде 2 есірткі зертханасы мен химиялық прекурсорлардың ірі қоймасы жойылды.ҚР ҰҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, 10 келіден аса «мефедрон» синтетикалық есірткі, 15 тоннаға жуық прекурсорлар, сонымен қатар 4-5 есірткі зертханасын іске қосуға мүмкіндік беретін арнайы құралдар анықталып, тәркіленді.Бұл фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. «ҰҚК биылғы жыл басынан бері 24 есірткі зертханасын, 20 халықаралық және 23 аймақтық есірткі арналарын жойып, 780 келі синтетикалық есірткі мен 68 тоннадан аса прекурсорларды тәркіледі», - делінген хабарламада.Еске салсақ, есірткі және психотроптық заттар мен олардың аналогтарының заңсыз айналымына, сатылуына, сақталуына, әзірленуіне, өсірілуіне, өңделуіне және сатып алынуына қатысы бар қылмыстар заң талаптарына сай 3 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.