Инфляцияны тежеу бойынша жұмыстар мардымсыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде атқарушы билікті осылай деп сынға алды. Тіпті кейбір мемлекеттік қызметшілер өз жұмысына селқос қарайды. Салдарынан көптеген реформа әлі де баяу жүріп жатыр. Президент көтерген мәселелерді Бекболат Сатуов тарқатады.Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ: Инфляция артқан, тұрғындар табысы құнсызданған. Жұрт жан бағудың ғана амалымен жүр. Президент мұның арты өте ауыр болуы мүмкін деді. Тіпті, бұл банктерге де қатысты деді. Сол себепті пайдалы бизнестерді қаржыландыруды тапсырды. Бірақ ең алдымен бюджет тапшылығы мен мемлекет қарызын реттеу керек деді. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Соңғы бес жылда бюджетке 30 триллион теңге кем түскен. Әрине, бұл цифрдың дұрыс-бұрыстығын тексеру қажет. Талай жылдан бері жалғасып келе жатқан осы мәселені түпкілікті шешетін уақыт жетті Ел экономикасын көтеруде салық саясатын біріздендіру маңызды. Ол үшін оны ынталандыруды жалғастыру керек. Әсіресе, жаңа жұмыс орындарын құруда салықтық жеңілдіктер қарастыруды тапсырды. Мемлекет басшысы, енді ұлттық қорға жармаса беруді доғару керектігін шегелеп айтты. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Ұлттық қор – болашақ ұрпақтың қаражаты. Біз оның ресурстарын тек қажетті жағдайларда, дағдарыс кезеңдерінде пайдалануымыз керек. Мемлекет басшысы тағы бір өзекті мәселе ол экономиканы монополиядан арылту деді. Осы арқылы әділ бәсекелестік орнатылады. Қайтарылған активтер мен қаржылар ел экономикасы үшін жұмсалуы тиіс. Сондай-ақ, инвестиция тарту мәселесінде де ақсауға болмайды деді. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Шетелдік инвесторларға нақты жобаларға инвестиция салуды, дайын пакеттік шешімдерді қалыптастыруды ұсыну керек. Үкімет нақты салалардағы ірі шетелдік серіктестермен нәтижелі жұмыс істеуде, бірақ күш-жігерді арттыру қажет. Жылу электр орталықтарының тозығы жетіп тұр. Президент тариф саясатын көтеру арқылы түскен қаржыны коммуналдық инфрақұрылымды қайта жаңалауға жұмсау қажет деді. Оған цифрлық бақылау жүйесін қолдануды тапсырды. Мұндай тәсілді жанар-жағармай тарифіне де енгізуді ескертті. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Жанар-жағармайдың бағасын көтеру мәселесіне де дәл осылай қараған жөн. Түскен қаржыны делдалдар, яғни алыпсатарлар иемденіп кетпеуі қажет. Оны жаңа мұнай-газ жобаларын жүзеге асыруға және мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға жұмсау керек. Қазір мемлекеттік жоспарлау жүйесінде 163 құжат бар. Оның әрқайсысы орташа алғанда 40 іс-шараны қамтиды. Сондықтанда құжаттарды қайта қарап, артық қағазбастылықты тоқтату керек, деді Президент. Сонда ғана нәтижелі жұмыс боларына сенім білдірді. Нұртай САБИЛЬЯНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: Президенттің тапсырмалары мүлтіксіз орындалуы қажет. Яғни үкіметтің жұмысында да, парламенттің жұмысында да ашықтық болу керек. Халық не істеп отыр үкімет, қандай жұмыстарды атқарып отыр. Қай жерде кемшіліктер бар? Осыдан әрқашанда осындай ақпарат алып отыруы керек. Президент сөз соңында, соңғы кездегі жаһандық үрдістерді ескере отырып, 2050 стратегиясын жаңартуды тапсырды. Онда әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси даму жолындағы негізгі басымдықтар айқындалуы керек. 2025 жылға арналған ұлттық даму жоспары өзектілігін жойды. Оның орнына жаңасы қажет. Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ: Ең бастысы атқарушы билік мардымды жұмыс көрсету үшін, Үкімет ескі жұмыс тәсілін түбірімен жою керек деді. Сонда ғана нәтижелі жұмыс боларына Президент сенім білдірді.