«Тасқыннан зардап шеккендердің ешбірі назардан тыс қалмайды». Солтүстік Қазақстан облысына барып, эвакуациялық орталықтағы тұрғындармен кездескен Мемлекет басшысы осылай деді. Президент тұрғындардың шығыны толық өтеліп, өтемақы берілетінін айтты. Несиесі мен займдарын төлеу мерзімі шегеріледі, - деді. Өңірде 6 ауданда төтенше жағдай жарияланған. 2 мың үйді су басып, 10 мыңнан аса тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы алдымен су басқан аумақты тікұшақпен аралады. Артынша қарғын су салдарынан эвакуацияланған тұрғындармен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев шығындарды өтеу үшін мемлекет барлық тиісті шараны қабылдайтынын айтты. Қазірдің өзінде зардап шеккендерге бірреттік көмек беріліп жатыр. Комиссия мүлік шығындарын есептегеннен кейін тағы өтемақы төленеді.Тұрғын үйі жарамсыз азаматтарға жаңа баспана да беріледі. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Бұл – жалпыұлттық апат. Дегенмен, бір жағынан алып қарасақ, оң өзгерістер де анық байқалады. Судың беті қайтып келеді. Жақын арадағы 10 күнде өте қауіпті болады деп ойлаймын. Бірақ біз еліміз бойынша апат салдарын жою шараларын қабылдап жатырмыз. Бұған дейін айтқанымдай, Үкімет зардап шеккен азаматтардың барлығына қолдау көрсетеді. Біз су тасқыны салдарынан болған барлық шығынды өтейміз. Әрбір азамат, әрбір отбасы мемлекеттің қамқорлығында болады. Бұл – мен үшін басты міндет. Мемлекет басшысы қазіргі күрделі жағдайды ескеріп, бюджет қаржысын үнемдеу үшін имидждік және басқа да ірі іс-шараларды өткізбеу жөнінде тапсырма берді. Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық форумды өткізуден бас тартқан. Енді Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жұмсалатын шығын да қысқартылмақ. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Әрине, қазір бұл шарадан түпкілікті бас тарту мүмкін емес. Бірақ оған жұмсалатын қаржы көлемі айтарлықтай азаяды. Бұдан бөлек, еліміздің Токиода өтетін Дүниежүзілік көрмеге қатысуына бөлінген бюджет те қысқарады. Бізде мұндай апаттарды алдын ала ескертетін жүйе жоқ. Мамандар да тапшы. Президент енді осыдан сабақ алуымыз керек, - деді. Сөйтіп гидротехник кадрларды даярлау туралы шұғыл шешім қабылдады. Барлық қиындыққа сабырлық танытқан халыққа ризашылығын білдірді. Ал тұрғындар сынақты бірге еңсереміз, - деді. Тұрғын: Сіз өзіңіз айтып өттіңіз, ешбір адам назардан тыс қалмайды деп. Қазақстанның бірінші байлығы – халық. Енді адам шығынынан аманбыз. Осындай қайғы-қасірет біздің елімізде болмасын! Мемлекет басшысы 50 жыл бұрын салынған Петропавл су торабына барды. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді. Ғауез НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Аймаққа 300 тонна гуманитарлық көмек келді. Қазір су тасқынына қарсы іс-шараларға 2500 ерікті көмектесіп жатыр. Су тасқынымен күреске 700 әскери қызметші, 33 техника жұмылдырылды. Әскерилердің негізгі күші қаптарды құммен толтырып, бөгет салуда. Оның ұзындығы 15 шақырымнан асады. Ержан ЫБЫРАЕВ, «АСТАНА» ӨҢІРЛІК ҚОЛБАСШЫЛЫҒЫ ӘСКЕРЛЕРІНІҢ ҚОЛБАСШЫСЫ: Әскерилер Петропавл қаласының маңындағы аудандар мен Қызылжар ауданының елдімекендеріне жақын маңдағы жағалауларды нығайту жұмыстарына жіберілді. Қазір өңірде екі су қоймасы жұмыс істеп тұр. Сергеевка су қоймасы 2 жыл бұрын көпфакторлы тексерістен өткен. Техникалық жағдайы жаман емес. Шұғайып ИБАТУЛЛИН, «ҚАЗСУШАР» РМК СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Су Сергеев су қоймасында күн сайын 10-15 см-ге түсіп келе жатыр. Ал, Петропавл су торабына нағыз судың деңгейі жоғары осында келіп жатыр. 5 сағат бойы бір деңгейде тұр. Президент өңірдегі құтқарушылармен, еріктілермен және кәсіпкерлермен де кездесті. Олардың әрқайсысы апат кезінде тыңбай еңбек етті. Жұмысты әлі де жалғастырамыз, - дейді. Асхат ЖОЛДАСПАЕВ, МЕЦЕНАТ, «ҚЫЗЫЛЖАР ЖОЛДАРЫ» ЖШС ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ: Алғашқы күндерден бастап біз жолушыларды тамақпен, жанармаймен қамтамасыз етіп, бөгеттерді сала бастадық. Қазір қираған ғимараттарда максимально 250 адамның 150 адамы жұмыс істеп жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай кезінде өңір тұрғындарының ұйымшылдық танытқанын айтып, табиғат апатымен күресіп жүрген барлық азаматқа алғыс айтты.