ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес отырысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша ұсыныстар мен ҚР азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қаралды.Қазақстан өңірлік және жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен үлес қосып отыр. Республика астық дақылдарын экспорттайтын әлемдегі 10 ірі ел қатарында. Атап айтқанда, былтыр Қазақстан алғаш рет посткеңестік елдерді артқа тастап, азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық рейтингінде 32-орынға жайғасты. «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саясаты ең алдымен, ішкі нарықты отандық азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталған. Былтыр 2024 жылға дейінгі Азық-түлік қауіпсіздігі жоспарын қабылдадық. Ауыл шаруашылығын әртараптандыру аясында 2030 жылға дейінгі АӨК-ті дамыту тұжырымдамасы жүзеге асырылуда», – деді Әлихан Смайылов. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды факторлардың бірі – климаттың өзгеруіне бейімделу процесі. Бұл мақсатта Қазақстанда баламалы энергия көздеріне кезең-кезеңімен көшу және энергия тиімділігін арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Сондай-ақ біз үшін су және жер ресурстарын тұрақты басқару – өте маңызды бағыттар. Қазір Президент тапсырмасына сәйкес жаңа Су кодексі әзірленіп жатыр. Егін алқаптары құрылымын әртараптандыру бойынша жұмыстар жалғасуда және суармалы жерлерді ұлғайту бойынша белсенді шаралар жүзеге асырылуда», – деп атап өтті ол. Бұл бағытта ескі суару жүйелерін жаңғырту жобалары да жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар жаңа ирригациялық нысандар құрылысы жоспарланып отыр.