Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблея Кеңесінің отырысына қатысушылармен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы Ресейдің Ұжымдық Қауіпсіздік туралы Шарт Ұйыма Парламенттік Ассамблеясына тұрақты мәртебе беру туралы ұсынысын қолдайтынын айтты. Басқа елдердің делегацияларын осы бастаманы қолдауға шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаев парламентаралық диалог мемлекетаралық байланыстарды нығайту ісінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:Бүгінгі кездесу халықаралық ахуал тым шиеленіскен жағдайда өтіп отыр. Геосаяси текетірес өршіген кезде өңірлік қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатердің ауқымы да айтарлықтай өзгерді. Әлемдегі қақтығыс қауіпті деңгейге жетті. Әсіресе, Таяу Шығыстағы ахуал қатты алаңдатады. Газа секторында күн сайын жүздеген адам қаза тауып, жарақат алып жатыр. Олардың арасында қарапайым азаматтар, әйелдер мен балалар бар. Миллионнан астам бейбіт тұрғын қиын жағдайға тап болды. Барлық негізгі халықаралық ұйымдар Палестинадағы гуманитарлық ахуалды мүшкіл деп атады. Шын мәнінде, апатты жағдай шегіне жетуге таяп қалды. Мемлекет басшысы бұл мәселеде Қазақстан өз ұстанымынан ешқашан айнымайтынын тағы да растады. Оның айтуынша, ұзақ жылға созылған қақтығыстың жалғыз шешімі – «қос халық үшін екі мемлекет» формуласы негізінде астанасын Шығыс Иерусалим деп белгілеп, Палестина мемлекетін құру. Сонымен қатар Президент палестиналықтардың Ұйымға мүше болу құқығын мойындау туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының биыл 10 мамырда қабылдаған қарарын құптады. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев жиында Ауғанстандағы жағдайға айрықша тоқталды. Президенттің пікірінше, қазіргі кезеңдегі стратегиялық міндеттердің бірі – Ауғанстанды өңіраралық байланыстарға белсенді тарту. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Қазақстан тәлібтер режимін террорлық ұйымдар тізімінен алып тастады. Өйткені қазіргі Ауғанстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту маңызды әрі бүгінгі режим ұзақмерзімді фактор болады деп ойлаймыз