Ұлттық құрылтайдың Наурызнама ішінде өткізілуі – ұрпақтар сабақтастығы мен елді жаңғырту жолында бірігудің және баршаға ортақ құндылықтар қалыптастырудың маңыздылығын білдіреді.Мемлекет тарихында ерекше рөл атқаратын Ұлттық құрылтай отырысында дәл осы күні өткізу жоспарланып отыр. Бұл диалог алаңын құру бастамасы алғаш рет 2022 жылы Президент Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылды. Құрылтай шақыру – ежелден келе жатқан игі дәстүр, оны ата-бабаларымыз аса маңызды мәселелерді талқылап, мемлекеттік деңгейдегі шешімдер қабылдау үшін шақыратын болған. Құрылтайда қабылданған шешімге барша халық ден қойған. Дәстүрлі құндылық ретінде қайырымдылықтың орны біздің қоғамда аса маңызды. Миллиондаған қазақстандықтар атсалысып жүрген қайырымдылық іс-шаралары осыны көрсетеді. Әрине, қайырымдылықтың тарихи тамыры, ең алдымен, әр адамның жалпы адамгершілік қасиеттерінен емес, қалыптасқан әлеуметтік құндылықтар мен қоғам тарапынан қойылатын талаптардың қысымынан туындайтынын жоққа шығара алмаймыз. Ресми түрде Наурызнаманың бір күнін осы тақырыпқа арнау – азаматтардың сана-сезіміне осындай қозғау салу тетіктерінің бірі. Бұл ретте барлық өңірлерде қайырымдылық іс-шараларын өткізу әрдайым жылы лебізге ие: бұл – халық бірлігінің, өзгеге қол ұшын беруге деген ұмтылыстың, елдің бақуаттылығын арттыруға деген талпыныстың көрінісі. Наурыз осылайша ынтымақ, азаматтық жауапкершілік пен мұқтаж жандарға қолдау көрсететін жарқын кезеңге айналады. Бұл жерде мәселе тек материалдық көмек көрсетуде емес, сонымен қатаррухани қолдау, көңілді серпілту, жылы сөзбен жігерлендіру де маңызды. Ең бастысы, қайырымдылық идеясын барша азаматтар оң көріп, дұрыс қабылдайды. Игі іс жасау азаматтық жауапкершілік танытудың ең қолайлы көрінісіне айналып келеді. Ал Наурыз мерекесінің бірлік пен бауырластыққа, ынтымақ пен өзара көмекке шақырған философиясы қоғамдағы мейірімді одан әрі күшейте түсері сөзсіз. Бұл күні қайырымды адамдар дәстүрлі түрде қарттар үйлеріне, дағдарыс орталықтарына, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелерге, көпбалалы отбасыларға арнайы барып, мерекемен құттықтайды. Бұл игі дәстүр қоғамда адамға деген жанашырлық, мұқтажға көмек беру және жақсылық жасауға деген ұмтылысты арттырады. Осылайша, Наурыз мейрамы Қазақстанда тек жылулық пен қуаныштың ғана емес, өзара көмек пен қайырымдылықтың да мерекесіне айналып келеді. Сонымен қатар, 15 наурызмұсылмандар үшін қасиетті ай Рамазанның бірінші жұмасымен сәйкес келеді. Бұл айдың ізгілік пен мейірімділікке үндейтін құндылықтары Наурыздың мазмұнымен толықтай үйлесетінін ескере отырып, барлық өңірлерде ауызашар шаралары өткізіледі.