Ұлттық тестілеу орталығының қызметіне заңсыз араласқан Орал қаласының екі тұрғыны сотталды. Бұл туралы ҚР ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.ҰҚК мәліметінше, Орал қаласы сотының үкімімен ҚР Қылмыстық кодексінің 206, 250 және 198-баптарында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін аталған екі азаматтың әрқайсысы 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.«Сондай-ақ олар коммерциялық ұйымдарда 5 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Үкім шығаруға ҰҚК-нің іс жүргізу материалдары негіз болды. Анықталғандай, сотталушылар 2021-2022 жылдары Қазақстан Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының заңмен қорғалатын ақпаратына қол жеткізіп, көшірген. Үкім заңды күшіне енді», - делінген хабарламада.