Үйі жоқтың, күйі жоқ... Үйсіз жүрген халықты "Ұлы дала квартиранттары" деп атаған Мәжіліс депутаты, мемлекеттік бағдарламаларды сынға алды. Баспанаға қол жеткізу қолжетімді емес дейді. Бағдарламалардың кемшін тұстары қандай? Әріптесім Ақбота Базарбай толығырақ айтады.Тапқаны тамақтан артылмайтын халық үшін қолма қол ақшаға үй алу -арман. Бар үміт мемлекеттік бағдарламаларда. Бірақ оның өзі екінің-біріне бұйырмайды. БЛИЦ: - Ала алмай жүрміз сол, кредитіміз бар, бала шағамыз көп, пенсиямыз аз. Жетпейд. - Проценттік мөлшерлемені азайту керек. 4-2 процент болса онда қол жетімді болады. Адамдар тырмысып алады. Бұған дейін де баспанаға бағыт беріп жүрген Мәжілісмен Дәулет Мұқаев алғашқы депутаттық сауалында бағдарламалардағы кемшіліктерді жіпке тізді. Талап бойынша үй бағасы 15 миллион теңгеден аспауы керек. Ал бұған қазір тек 1 бөлмелі пәтер түседі. Дәулет МҰҚАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында көпбалалы отбасы деп, кемі 4 бала олардың ата-анасын қоссақ, кемі 6 адам. Дәл қазіргі уақытта жаңа үйлер конкурс негізінде берілгендіктен, кейбір отбасылар 32-40 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтерде тұруға мәжбүр. Отбасылардың ажырасуына баспананың жоқтығы да әсер ететін көрінеді. Жастарға арналған мемлекеттік бағдарлама алғашқы жарнаға пәтер бағасының жартысын сұрайды. Осыны 10 процент ету керек дейді депутат. Бірақ, министрлік өзгеріс енгізуге асықпайтын сияқты. Меруерт МОЛШИНА, ҚР ИИДМ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ ЖАҢА ҚҰРЫЛЫСҚА ИНЖЕНЕРЛІК-КОММУНИКАЦИЯЛЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бірден айтайын, жаңа бағдарлама шығару жоспарда жоқ. Қазіргі бағдарламалар қолданыста қала береді. Біз бұған дейін төлем қабілеттілік пен ай сайынғы табысқа қойылатын талаптарды алып тастадық. Қазір мемлекеттік бағдарлама арқылы үй алғысы келген азамат әкімшілікте үй кезегінде тұрса болды. Басқа талап жоқ. Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ: Жалдамалы баспананың да жыры көп. Алматы, Астана, Шымкент қалалары бойынша берілетін пәтер саны белгіленген межеге жетпейді. Үйдің уақытында салынбауынан жастар оны уақытында ала алмай отыр. Сондықтан мәжілісмен баспанаға деген мұқтаждықты жою мақсатында мемлекеттік бағдарламаларды жаңартып, қайта қарау қажет деп есептейді.