Ұлыбританияда ковидтің жаңа штамы анықталды. Алғаш Үндістанда шығып, Тұманды Альбионда тарай бастаған жаңа штамм — Арктурдың жұқтыру қауіптілігі өте жоғары дейді мамандар. Бұған қоса ол антиденелерге өте төзімді болып келеді,-деп хабарлайды ҚазАқпарат.Үндістанда Арктурды жұқтырғандардың саны 60 мыңнан асып отыр. Денсаулық сақтау саласына басшылық ететін шенеуніктер жағдайды ушықтырып алмау үшін елдің кейбір штаттарында маска тағуды міндеттеуде. Вирус алғаш қаңтар айында анықталғанымен, әлем бойынша енді ғана кеңінен тарай бастады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымындағылар жағдайды жіті қадағалап отырғанын айтады. Ұлыбританияда әзірге Арктурды жұқтырғандар көп емес. Бірақ вирусологтер Тұманды Альбионда тұратындардың басым көпшілігі ковидке қарсы вакцина салдырғанына қарамастан жағдай күрделеніп кетуі мүмкін деп алаңдаушылық білдіріп отыр. Өйткені жаңа вирустың антиденелерге төзімділігі өте жоғары екен. «Британиялықтар сақтық шаралары туралы ұмытқан сыңайлы. Бізге, шынымен де, ауаны сүзгіден өткізетін тиісті маскалар тағу керек. Бөлмелердегі ауаның сапасын жақсартып, желдетіп отыру керек», - дейді Лидс университетінің профессор-вирусологі Стивен Гриффин. Тыныс алудың қиындауы және жөтел сияқты ковидтің негізгі белгілері Арктурға да тиесілі. Бірақ оған енді кейбір балалар арасында конъюнктивит пен көздің былшықтанып, жабысуы сияқты симптомдар қосылып отыр. Конъюнктивит - көздің қызаруына, қышуына және ісінуіне алып келетін инфекция. Ол бұрын ковид симптомы ретінде қарастырылатын, бірақ сирек кездесетін. «Жаңа нұсқаның пайда болуы бізге вирустың әлі ешқайда жоғалып кетпегенін және биологиясы әлі тірі екенін анық көрсетеді. Арктур ағзаның иммунологиялық қорғанысының кейбір бөліктерін айналып өтуге қабілетті. Және жақын арада бүкіл әлемге таралуы мүмкін», - дейді Эксетер университетінің Жұқпалы аурулар бойынша бөлімінің аға оқытушысы Бхарат Панкхания. Вирус әзірге Сингапур, Австралия және АҚШ сияқты 22 елде анықталып отыр. Ұлыбританияда Арктурды жұқтырғандардың саны 50-ге жуық. Науқастардың ауруы асқынғаны туралы әзірге дерек жоқ. Жаңа штамды тереңінен зерттеу ғалымдарға қиын болып отыр. Өйткені Ұлттық статистика қызметі коронавирус туралы ақпарат жинауды тоқтатқан. Яғни геномдық қадағалау жүргізілмей келеді. Ал деректердің жетімсіздігі ғалымдардың қырағылығын жояды дейді мамандар.