Ұлытау облысының перзентханасында орын тапшылығына байланысты жаңа босанған әйелдер дәлізге жатқызылған. Бұл туралы олар әлеуметтік желілерде жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар24" телеарнасына сілтеме жасап.Желіде тараған видео қызу пікірталас тудырған. Жас аналар босанғаннан кейін бірден дәлізде жатқызылғанына шағымданған.Телеарна мәліметінше, мұнда жезқазғандық әйелдер жатқызылған. Өйткені облыс орталығының перзентханасы екі апта бойы санитариялық тазалыққа жабылған. Дәрігерлер осы жарты айда болжанғаннан гөрі көп сәби дүниеге келеді деп күтпеген."Сәтбаевта Жезқазғаннан келген 137 әйелді босандырдық. Оның 30-ы кесарь тілігі арқылы, тағы алтауы мерзімінен бұрын босанды. Қазір науқастардың денсаулығы жақсы. Аналар мен сәбилер арасынан қайтыс болғандар жоқ. Кейінгі 2-3 күнде босанатын әйел көп болғандықтан, олардың кейбірін дәлізге жатқызуға тура келді. Санитариялық жұмыстар бүгінгі күнге дейін жүргізілді, сондықтан Жезқазғаннан келген әйелдер кері қайтарылды", - перзентхана бөлімінің меңгерушісі Жадыра Танкауова.