Ұлытауда балабақшаның төбесінен су ағып тұр. Тәрбиешілер төбеден аққан суға шелек қойып, бүлдіршіндерді бағып отыр.Бұл – Сәтпаев қаласындағы «Айналайын» балабақшасы. Ойын залындағы су тамып тұрған шелектердің айналасында үрпиіп отырған бүлдіршіндерді ата-аналар видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялады. Олар әбден тозған білім мекемесін жөндеуді сұрайды. Ұлытау облыстық білім басқармасы басшылығының мәліметінше, қалада тозығы жеткен үш балабақша бар. Солардың бірі «Айналайын» балабақшасы бұрын «ҚазақМыс» корпорациясының қарамағында болған. 2015 жылы ғана жергілікті білім бөліміне берілген. Мекеме ғимараты әбден ескірген. 4 жыл бұрын қаржы аз бөлінгендіктен шатыры жартылай ғана жөнделіпті. Сапура ТҮЛЕКОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Балабақшаның жартысына су ағады. Әсіресе жаңбыр жауған кезде. Сондықтан біз ойын залына баратын топтардың кестесін өзгерттік. Шатырды толығымен жөндеу керек. Биыл балабақшаның күрделі жөндеу жұмыстарының жобалық сметалық құжатына байқау жарияланды. Осы құжат бекітілген соң күрделі жөндеу жұмыстарының жобасы жасалып, ақша бөлінеді.