Премьер-министр алматылықтарға жер сілкінісі туралы уақытылы ескерту жасамаған мемлекеттік органдарды сынға алды. Төтенше жағдайда қазақстандықтар нақты не істерін білмей, үрейге бой алдырған. Осының кесірінен зардап шеккендер бар. Әлихан Смайылов Алматыдағы жер сілкінісінен кейін шенеуніктерге ескерту жасап, нақты тапсырма берді. Мұндай жағдайда барлық қызмет түрлері бірлесе жедел жұмыс істеуі керек. Сондықтан жер сілкінісі кезіндегі іс-қимыл жаттығуларын жиі өткізіп тұрған абзал деді Үкімет басшысы. Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: Бұл жағдайда ТЖМ-ның барлық қызметінен бастап, әкімдікке дейін және басқа да мемлекеттік органдар жұмыс істеді. Бақытымызға орай, қаза тапқандар мен айтарлықтай шығын жоқ. Бірақ зардап шеккендер бар. Уақытында ақпарат алмаған және нақты не істерін білмеген адамдар дүрбелеңге бой алдырды. Олар ойланбай істеген әрекетінен зардап шекті, яғни 2-3 қабаттан секірді.