Астана қаласының маңындағы Үркер шағын ауданында тағы екі кәріз тазарту станциясының салынуына халық наразы. Тұрғындар базынасын айтып "AMANAT" партиясының республикалық қоғамдық қабылдауына келді. Себебі одан шығатын иіс қолқаны қабады дейді. Әсем ЖАЙСАНБАЙ, ҮРКЕР АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: КОС-2, КОС-3 нысандарының құрылысын қайта жаңарту мәселесі әлі күнге дейін шешілген жоқ. Біз осы екі стратегиялық нысанның құрылысына қарсы емеспіз, тек қауіпсіз жерге, бізден қашығырақ көшіруді сұраймыз. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қоғамдық қабылдауға келген әрбір азаматтың шағымы мен өтінішін мұқият тыңдады. Қажымұқан және Ақмол ауылдарының тұрғындары мәдениет үйін ашу мәселесіне көтерді. Ведомства басшысы әрбір мәселе бойынша тиісті шаралар қабылданады деді. Аида БАЛАЕВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ: Сұрақтардың ауқымы өте кең. Экологиялық мәселелер, құрылыс, мәдени және білім беру мекемелері және ескерткіштер орнату туралы сұрақтар болды. Менің ойымша ведомствоаралық өзара іс-қимыл арқылы біз бұл мәселелерді шешіп, нақты нәтижелерге қол жеткізетін боламыз.