Мәжіліс депутаты Ринат Заитов ұшықтарға ұлттық аспаптарды алып кіруге рұқсат бермейтін әуе компанияларын сынады, - деп хабарлайды Massaget.kz.Бұл туралы депутат Мәжіліс отырысында айтты. "Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қоятын сұрағым бар. Бұл мәселе қазір әлеуметтік желілелерде кеңінен көтеріліп жатыр. Бүгінде әуекомпаниялары қазақтың ұлттық аспаптарын ұшақтарға алып кіруге тыйым салып тастаған. Мәселен, домбыра тек ағаштан жасалатын аспап, құрамында металл жоқ. Демек ешкімге ешқандай зияны да жоқ. Осы мәселеге қатысты әуекомпанияларына дұғай-дұғай сәлем айтыңыз. Осыны шешіп беріңіздер. Қазақтың ұлттық аспаптарын ұшаққа алып кіруге рұқсат берілсін. Ал қолдарыңыздан келмесе, бұдан кейін де рұқсат бермесе, Алматы мен Астананың әуежайларына кемінде мың домбырашы барып, "Адай" күйін ойнап, жалынып сұрайық", - деді депутат.