Игі іске үлес қосқан азаматтар 4 күн ішінде 10 млн теңге жинады.Созақ ауданына қарасты Таукент кентінің тұрғыны Айбала Құдияроваға жерлестері 3 бөлмелі пәтердің кілтін табыстап, қуанышқа кенелтті. Кент тұрғындары мен шараға жиналған қонақтар игі іске ұйытқы болған жандарға алғысын айтты. 5 желтоқсан күні Айбала Құдиярованың баспанасы өртке оранған болатын. Салдарынан барлық бөлмелері жанып кетті және үйдің шатыры толықтай зақымданды. Содан кент тұрғындары жерлестеріне көмек беру мақсатында қаржы жинауды қолға алды. Небәрі 4 күн ішінде қаражат көлемі 10 млн теңгеге жеткен. Оның көбісін жанашыр азаматтар берген. Содан белсенділер көпқабатты тұрғын үйлердің бірінен 3 бөлмелі пәтер алып, баспанасыз қалған тұрғынға тарту етті.