Алматылық Бибінұр Шерәлиева 2009 жылы 7 жылға сотталған. Жазасын Жауғаштыдағы әйелдер абақтысында өтепті. Көпбалалы ана темір торға қамалған сәтте үйінде төрт қызы шырылдап жылап қалғанын айтады. Сол кезде ең кішкентайы емізулі 5 айлық сәби еді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.Отбасына дәл осындай сынақ түскенде күйеуі де бала-шағасын тастап кетіпті. Тағдырдың тауқыметін тартқан әйел 2013 жылы бостандыққа шығады. Ол өмір жолындағы түрлі қиындық пен түрмедегі бүкіл былықты бүкпесіз баяндап берді. "Негізі өмірде бәрі аяқ астынан болады екен. Мені жалған ақша жасады деп соттады. Сондай әділетсіздік болды, біз дәлелдей алмадық. Біздерге адвокатты жолатпады, тергеу кезінде істі тез-тез жапты да, бірден сотқа беріп жіберді. Сотта аузымызды аштырған жоқ. Сөйтіп 7 жыл берді, оның 3,5 жыл мерзімін түрмеде өткіздім. Сонда судьяның айтқаны өзі әлі құлағымда да: "Бес айлық балаңды құшақта да түрмеде отыра бер" деді. Сол 3,5 жылды менің өмірімнен ұрлап алғандай болды ғой. 3,5 жылдың ішінде менің төрт қызым ешкімге керек емес боп қалды. Мен түрмеде отырған кезде өзімнен төрт жас үлкен әпкем, інім мен ағам бәрі қайтыс болып кетеді. Кімге сүйенетіндей адам қалмайды, менің ізімнен келіп, менің жағдайымды білетін адам қалмады. Сондай жағдайға түстім", – деді Бибінұр Шерәлиева. Ойда-жоқта түрмеге қамалған әйел бұл істе шикіліктің бары анық екенін айтады. Ол өзіне әлдекімнің қастандық жасағанын жақсы біледі. "Мен түрмеден шыққаннан кейін өзім де бір зерттеу жүргіздім. Жалпы, бұл бәле қайдан келді дегендей... Енді кез келген адамның жүрегінде тұрады ғой. Анығында қаржы полициясындағы бір подполковникке осындай бір оқиғаны көрсету керек болған екен. Одан кейін ол еліміздің батыс өңіріне бастық боп кетіпті. Мен оның кім екенін білемін. Менің түсінгенім, егер адам мансабын жоғарылату немесе қызметін өсіру үшін ештеңеге қарамайды екен. Бәріне барады екен. Сол кезде "Неге мен?" деп едім, себебі басқа адамды таппадық деді ғой. Маған ашық түрде солай айтты", – деді ашынды ол. Алғаш абақтыға қамалған сәтте Бибінұрдың жасы 42-де еді. Қазіргі таңда 60 жасқа тақаған әйел сотталғанға дейінгі өмірінің керемет кезеңін еске алды. "Мен сол кезде бақытты әйел екенімді сезбеппін. Берекем бар екенін, молшылығым бар, денсаулығым бар екенін, қасымда ағайын-туысқаным, күйеуім, балаларым, жалпы, бұл өмірдің қиыншылығы бар екенін ойламаппын. Күнде бақытты әйел боп жүргенімді білмеппін. Бақытың бір секундта теріс қарағанда тайып кетеді екен. Мен сол кезде үйден шығып бар жатып, бұл үйге оралмаймын деп ойламаппын. Үйде емізулі балам қалды, қазір бір сағаттың ішінде қайтып келемін деп ойладым. Үйге қайта алмадым ғой. Қайта 5 айлық қызым өліп қалмағанына шүкір", – деді түрмеден шыққан әйел. Дәл қазіргі таңда Бибінұр Шерәлиева қоғамдағы мәселелерді шешуге ат салысып, темір торда отырған өзі тағдырлас әйелдерге араша түсіп жүр.