Ақтөбе облысында эвакуациялық бекет деп танылған және суға кеткен немесе суға кету қаупі бар мектептерде сабақ қашықтан ұйымдастырылады.Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан 1 сәуірде оқу процесінің қалай ұйымдастырылатынын хабарлады. — Эвакуация пунктері ретінде қызмет етіп жатқан білім беру ұйымдарында оқу процесі — қашықтан, ал басқа су қаупі төнбеген мектептерде сабақ қалыпты жағдайда өтеді, — деді ол. Қазіргі уақытта Ақтөбе облысындағы 32 білім беру ұйымында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар орналастырылған. Онда барлығы 3 мыңнан астам адам бар болса, оның тең жартысы — бала. Сонымен бірге суға кеткен және суға кету қаупі бар мектептер тізімінде Ойыл ауданында 14, Темірде 5, Қобдада 6, Хромтауда 2 мектеп бар. Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе облысы бойынша Қобда, Ойыл, Әйтеке би, Мұғалжар, Темір аудандары мен Ақтөбе қаласында төтенше жағдай жарияланды.