Қызылордада ісмер келіндер сайысы өтті. Қазақтың ұмыт болған ұлттық тағамдары мен қолөнер бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды.Байқауда 11 келін бақ сынады. Барлығы да мұндай жарысқа алғаш рет қатысып отыр. Сайыстың негізі талабы да осы. Соған қарамастан бірінен-бірі кем түспейді. Бойларынан қазақ келініне тән ізеттілік пен инабаттылық байқалады. 3 кезең бойынша сынға түскен келіндер салт-дәстүр, әдет-ғұрып аясындағы сұрақтарға жауап берді. Өздері жасаған қолөнер бұйымдарын қазылар алқасына ұсынды. Балгүл ЖАЛҒАСБАЕВА, ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ: Қазіргі синтетикалық нәрселерімізден гөрі осы табиғи нәрселерден жасалған нәрселердің құны ерекше болады. Осы нәрселерді әрі қарай жалғасын таба берсін. Үлкендердің батасын алып қалсын осы келіндер. Мөлдір ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ: Бұл жерге келіндеріміздің үйден пісіріп алып келген қазақтың ұлттық тағамдары қойылған. Ал қалай әзірленгендігі арнайы бейнероликте көрсетілуде. Негізігі талап – ұмыт болып бара жатқан қазақтың ұлттыұ тағамдарын көпшілік назарына ұсыну. Мына менің қолымдағы тағам үлпершек деп аталады. Бұл тағам қалай жасалады, қашан жасалатындығын қатысушымыздың өзінен сұрап білейік. Арайлым РАХМЕТОВА, САЙЫСҚА ҚАТЫСУШЫ: Әзірлеп келген тамағымның аты – үлпершек. Бұл тағам ұзатылған қыз төркіндеп келген кезде ата-анасы алдынан «жүрегім сенімен бірге» деген мағынада әзірлеп отырады. Шараны ұйымдастырудағы мақсат- қазақтың ұлттық құндылықтарының қаймағын бұзбай, жастар жадына сіңіру. «AMANAT» партиясы «Ұлттық мұра» жобасының да көздегені осы. Қаншагүл МҰСТАФАЕВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ЖАЛАҒАШ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ: Қазақ дастарханынан алыстап кеткен тағам түрлерін әзірлеу, қазақтың салт-дәстүрінен тысқары қалған кейбір әдет-ғұрыптарын сұрақ-жауап арқылы жас келіндердің санасына сіңіру, ұлттық құндылықтарымызды, әдет-ғұрыптарымызды жас ұрпаққа, өзімізден кейінгі ұрпаққа жеткізу. Шара соңында жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Барлық қатысушыға түрлі номинациялар беріліп, құрмет көрсетілді.