Венгрияның Секешфехервар қаласына (Фейер облысы) жақын жерде әуе шоуы кезінде спорттық ұшақ апатқа ұшырап, соның салдарынан екі адам қаза тапты, төрт адам түрлі дәрежеде ауыр жарақат алды.Жергілікті MTI агенттігінің хабарлауынша, ұшақтан ақау шығып, жерге құлап жарылған. «Полиция департаментінің мәліметінше, ұшақ апаты салдарынан 67 жастағы әйел мен 37 жастағы ер адам қаза тапты», - деп түсіндірді ведомство. Ұшақ тұраққа жақын жерге құлап жарылып, соның салдарынан сол маңда тұрған көліктердің бірі өртеніп кеткен. Көліктегі және оның қасындағы адамдар – екі ересек адам мен екі бала күйік және басқа да жарақаттар алған. Олар жедел жәрдеммен Секешфехервар мен Будапешт ауруханаларына жеткізілді. Қайғылы оқиғадан кейін авиашоу тоқтатылды. Оқиғаның себебі әзірге белгісіз, тергеу жұмыстары басталды.