Сүндет ОРАЛБЕКОВ, ТІЛШІ:Қазақстандықтар жаз келсе шет елде дем алуды құп көреді. Айырқалпақты ағайынның елін таңдайтындары аз емес. Айтуларынша, бұл жерде барлығы арзан, туристерге жағдай жасалған. Былтыр Ыстықкөлге шамамен 2 миллионнан астам турист ат басын бұрған. Оның шамамен 30 пайызы -қазақстандықтар. Биыл да қырғыз елінде демалып жатқан жерлестеріміздің қарасы қалың. Руслан Наурызов ыстық көлге жылда келеді. Бастысы, бағасы қалтаға қонымды екен. Аз қаржыға отбасымен саяхаттап, саф ауамен тыныстап қайтады. Руслан НАУРЫЗОВ, ТУРИСТ:Бізге мұнда келу жеңіл. Екіншіден тиімді әрі арзан. Қай жағын қарасаңыз да, тамақ жағынан, үй-коттедж жағынан да арзан. Қолжетімді. Сол себептен Ыстықкөлге келдік. "Қазақстанда туризм дамымаған". Шетелде дем алуды жөн көрген жерлестерімізден осындай пікірді жиі естиміз. Бәрі қымбат дейді. Ыстықкөл мен Алакөлдегі қонақ үйлер мен демалыс орындарына жұмсалатын қаражат шамалас. Мысалы, Қырғыз еліндегі қонақ үйде екі адамға арналған шағын бөлменің құны тәулігіне 50 мың теңге. Ал, коттедждер 100 мың теңгеден басталады. Егер хан сарайындай кең үйде демалғыңыз келсе, күніне кем дегенде 300 мың теңге төлейсіз. Әрине, демалыс орны көлге жақын орналасқан сайын және жасалған жағдайға қарай баға асқақтай түседі. Мадина СЕРҒАЗЫҚЫЗЫ, ТУРИСТ:Шынын айтсам, Қазақстанда туризм саласы дамымаған. Біз мұнда күніне 300 долларға коттедж жалдадық. Ал елімізде мұндай үйлерді жалға алу өте қымбат. Тіпті, ішіп-жемнің өзі қымбат. Салыстыра айтсақ, менің ойымша үш күнде біз мұнда шамамен 250 мың теңге үнемдедік. Ыстықкөлге бет алған туристердің көбі Бішкектен таксиге отырады. Жол ақысы микроавтобустарда адам басына 5 мың теңге болса, 7 адамдық жеңіл көлікті жалдасаңыз 35-40 мың теңге төлейсіз. Бас қаладан демалыс аймағына шамамен 3-4 сағатта жетесіз. Жол тақтайдай теп-тегіс. Алтынбек ЖИЕМБАЕВ, ТАКСИ ЖҮРГІЗУШІСІ:Жыл сайын Қырғызстанға көптеген мемлекеттен туристер келеді. Қазақстаннан келетіндер де өте көп. Кейде демалыс орындарында жүрсең айналаңда тек қазақтарды көресің. Кейде Қазақстанда жүрмін ба деп ойлап қаласың. Мұндай әсем жерлер елімізде де жеткілікті. Алакөл, Балқаш, Қатон-Қарағайға, бірақ, баратындар аз. Себебі, онда жету қиын. Жол мәселесі көптің құтын қашырған. Егер бұл проблема шешімін тапса, шеттен келер туристер саны артып, басқа елге саяхаттайтын отандастарымыз азаяр ма еді? Бастысы өз ақшамыз өзімізде қалады.