Бүгінде YouTube арнасында кез келген тақырыпта көптеген видеоны таба аласыз. Платформадағы монетизация кейінірек пайда болғанымен, YouTube сайтында жарияланған алғашқы бейне оның иесін миллионер еткен. Massaget.kz MCtoday-ге сілтеме жасап алғашқы видеоның иесіне 64 миллион доллар пайда әкелгенін жазады.YouTube-ті 2005 жылы 14 ақпанда үш PayPal қызметкері – Чад Гурли, Стивен Чейни және Джавед Карим негізін қалады.Алғашқы видеоны арнаға 2005 жылдың 23 сәуірінде Карим жариялаған. 19 секундтық бейнеде платформаның негізін қалаушы АҚШ-тың Сан-Диего қаласындағы хайуанаттар бағына бару туралы айтады. Содан бері бейне 263 миллионнан астам рет қаралды және Каримнің арнасына 3,48 миллион адам жазылған."YouTube иелері адамдар өз өміріндегі шынайы сәттермен немесе қызықты мазмұнмен бөлісе алатын және ең бастысы өздеріне қажетті бейнелерді тез таба алатын платформа жасағысы келді. Бұл пиксельді бейне дәл соның сәтті тұсаукесері болды", - дейді басылым.Бір қызығы, Джавед Карим платформамен жұмысты жалғастыруды жоспарламаған. Ол тек идеологиялық кеңесші болуға келіскен, бірақ ешқашан ешқандай қызмет атқармаған, жалақы да алмаған. Ол оқуына көңіл бөлуді шешіп, Стэнфорд университетінде магистр дәрежесін алған."Бүгінде құны 160 миллиард доллардан асатын YouTube платформасы сатылғаннан кейін оның негізін қалаушылар бірінші бейнені жасаушылар ретінде әлі де аздаған үлеске ие. Кейінгі 17 жылда Каримге бұл видео 64 миллион доллар табыс әкелген. 19 секундтық бейне үшін жақсы табыс пе? – деп жазады басылым.