Қазақстандық теннисші, әлемнің 79-ракеткасы Юлия Путинцева Индиан-Уэллс WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шықты.Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 16-ракеткасы Екатерина Александровамен кездесті. Юлия Путинцева азулы қарсыласын 7:5, 6:1 есебімен тізе бүктірді.Сағат жарымдай уақытқа созылған бәсеке барысында Юлия 1 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Е.Александрова 4 эйс, 2 брейкпен (10 брейк-пойнт) көзге түсті. Юлия Путинцева төртінші айналымға өту үшін әлемнің 20-ракеткасы, америкалықтар Мэдисон Киз немесе рейтингіде 105-орындағы Хейли Баптистің қай жеңгенімен таласады. Өткен жылы осы додада қазақстандық Елена Рыбакина жеңімпаз атанған еді. Алайда ол биыл екінші айналымда аргентиналық Надя Подороскамен бәсеке қарсаңында жарысқа қатысудан бас тартты. Осылайша, Е.Рыбакина өткен жылғы ұпайларынан айырылады.Тағы бір қазақстандық теннисші, рейтингіде 51-орындағы Александр Шевченко Индиан-Уэллс мастерс жарысының үшінші айналымына өте алмады. Ол әлемнің 22-ракеткасы, аргентиналық Франсиско Черундоломен шеберлік байқасқан еді. Бірінші партияда 2:6 есебімен есе жіберді. Содан кейін екінші сетте 1:3 есебімен жеңіліп жатқан сәтте Шевченко матчты жалғастырудан бас тартты.