Қазақстанда еш заңдастырылмаған 1,7 мың көлік айып тұрағына жіберілді. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев айтып берді.«Біз заңдастырудың 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасатынын жарияладық. Кім заңдастыруға үлгермеді, өтінім беріңіздер, 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін келіп түскен барлық өтінімдерді қарастырамыз. Әзірге 15 мыңға жуық көлікті уақытша тіркеуге алдық. Өтінім беріп үлгермегендерді де қарастырамыз және әрі қарай тіркейміз», - деді Қ. Сұлтанбаев Орталық коммуникациялар қызметінде. Сонымен бірге, спикер 2023 жылдан кейін әкелінген және сақтандыру мерзімі біткен, еш тіркеусіз көлік мініп жүргендердің бұл көлікті басқаруға құқығы жоқ екенін айтты. «Әкімшілік кодекс бойынша оларға алғашында 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Біз қазір осындай алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Екінші рет – әкімшілік хаттама жасалып, көлік айып тұрағына қойылады. Қазіргі уақытта сақтандырусыз, сақтандыру полисінсіз, техникалық байқаусыз жүрген 2 мыңнан астам көлік иелерін анықтадық және олар әкімшілік жауапқа тартылды. Қазір 1,7 мыңға жуық көлік айып тұрағына қойылды», - деді Қайсар Сұлтанбаев. Айта кетейік, 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге заңсыз әкелінген көлік құралдарын заңдастыру 1 шілдеге дейін жүргізілді. Бүгінгі таңда барлығы 220 мыңнан астам автокөлік заңдастырылды. Ал 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген көліктер заңдастыруға жатпайды.