Елордалық полицейлер пәтерінде қамалып қалған зейнеткерге көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz. Күндізгі уақытта “102” пультіне қарт адамның Жангелдин көшесіндегі пәтерінен шыға алмай жатқаны туралы хабарлама келіп түскен. Қарт өзін нашар сезініп жатқанын қалалық емхана хабарлағаны белгілі болған. Түскен қоңырау бойынша оқиға орнына дереу екі автопатрульдік қызметкерлері Идирисов Дулат және Қалдыбеков Мұхамедқали және учаскелік инспектор Сайдулла Оразалы жіберілген. Пәтердің есігі іштен жабық болғандықтан, тәртіп сақшылары 2-ші қабаттағы пәтерге 1-ші қабаттағы терезе арқылы көтеріліп, терезе арқылы кіруді шешкен. Патрульдердің бірі өзімен бірге жүрген арнайы арқанды балконға байлап, терезе арқылы көтеріле бастағанда серіктесі оның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, иықпен демеп тұрған. Бірлесіп жеделдеткен шешімнің нәтижесінде полиция қызметкерлері науқас адам жатқан пәтерге кірген. Сөйтіп қарт кісіні шақырылған жедел жәрдем бригадасына аман-есен тапсырған. Қазіргі уақытта адамның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Зейнеткерге бірден жедел медициналық көмек көрсетілді.