Сол кезде жұрт газеттерге мақала жазғанды қойды. Себебі баспасөз баяғыдай қаламақы бермейді. Сол кезде өндірте мақала жаздым. Тіпті, кей күндері екі-үш мақаладан жазған кезім бар. Екі жылдың ішінде екі жүзден артық мақала жазыппын. Ол барлық газетке басылып жатты. Кейін «Ара» журналында, «Түркістан» газетінде журналист болдым. Обалы не керек, «Түркістанды» ашқан Қалтай Мұхамеджанов ағамыз оны елге пайдалы үлкен газет қылды. «Түркістан» атауын біздің елге тән ұғымға айналдырды. Алайда сол кезде басылымның тиражын көтеру қиындау еді. Газетке негізінен Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының оқырмандары зор қолдау көрсетті. Зейнетке «Түркістан» газетінде істеп жүріп шықтым. Сондықтан бүгінде өздерің жұмыс істеп жүрген газет – маған өте ыстық, қадірлі басылым.