Иранның ұлы философы, жазушысы, математик және астрономы хәкім Омар Хайям Нишапури хиджра қамари жыл санағы бойынша (х.қ.ж.с.б.) шамамен 440 жылы Нишапур қаласында дүниеге келген. Хайям өз заманының ұлы ғалымдарының бірі болып саналады. Ол Селжұқ мемлекеті тұсында өмір сүріп, өз заманында лауазым мен атаққа ие болғаны сонша, замандастары оны имам, философ және худжат-ул-хақ сияқты ұлы атақтармен мадақтаған. Оның төрт тағанды рубаиларының атақ-даңқы ақынның ой-пікірлерінің әлемдік ғылыми-философиялық ағымдарға айтарлықтай әсер етуіне себеп болды. Хайямның даңқы ақын ретінде шыққаныменен, ол шын мәнінде философ, математик, сондай-ақ, астроном болған. Селжұқ билеушісі Джалал ад-Дин Мәлік шахтың кезінде басқа ғалымдармен бірлесе отырып жасаған есептеулердің нәтижесінде Иран күнтізбесін жасады. Күнтізбе шахтың құрметіне «Джалали күнтізбесі» деп аталды. Хайямның ғылым мен философияда оны бүкіл әлемге әйгілі еткен 12 еңбегі қалды, оның ішінде ең маңыздысы – математикадағы өз түріндегі ең үздік еңбек саналатын «Алгебра» кітабы. Омар Хайямның қайтыс болған жылы хижра бойынша 517-520 жылдары аралығында деп есептеледі. Иранның ұлттық күнтізбесінде 18 мамыр Хайямның туған күніне орай «Хайям күні» деп аталады.