«Декабрдың 12-сі күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге «Алаш» автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты Алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды; Отансыз жұрт Отанды болды. Автономия – бізге өмірлік мақсат еді, алыстағы жұлдыз еді. Іштегі дертті айта алмай, күрмеліп жүрген қызыл тіл бұл күнде дүние жүзін жаңғыртып, Алаш ұранын шақырып отыр. Алаш! Алаш! Көтер басты. Уақыт жетті, сүртелік көзден аққан қанды жасты! Бұл күн тарихи күн; бұл күнді көріп өлген Алаш баласы – мудасыз, армансыз...» деп, Әлімхан Ермеков «Сарыарқа» газетінде 1917 жылы желтоқсанның 5-12 аралығында өткен екінші жалпықазақ сиезінің қорытындысы бойынша Алаш автономиясының өмірге келген қуанышты сәтіне арнап «Жасасын, Алаш, Жасасын!» атты мақаласын жазады.