«Талант деген - ішіп-жеу, ұйықтау, құдайдың бергені. Талантты ақын, талантты әртіс… талант деген бір күні құриды, өйткені шабыт болмай қалады, шабыт жоқ - талант та жоқ. Себебі, оның ғылыми негізі жоқ қой. Кәсібилік деңгейі төмен. Ал қашанғы отырамыз, оның шабыты қашан келер екен деп, оянбай да кетуі мүмкін. Жүрді ғой талай таланттар арақ ішіп, шабыт күтіп. Кәсіп ақылмен, еңбекпен келеді». Бұл – біз сұхбаттасқан режиссер, театртанушы Болат Атабаев пікірлерінің бір парасы ғана. Яғни өнердің ой-орамы өзгеше, таным-талғамы терең тұлғалары айтар сөз бен тағылым да кесек-кесегімен туралып жатады. Оны ұғу үшін сұңғыла сана, көкіректің көзі керек.