Ежелден адамзат қоғамының өркениет өлшемі – ғылым мен білім екені бәрімізге аян. Өйткені, дамудың бірден-бір жолы – ғылым. Адамзат жетістіктің бәріне білімнің арқасында жеткен. Қарапайым заттардан бастап, күрделі ой-тұжырымдарға дейін, барлығы да – ғылымның жемісі. Шын мәнінде, ілім-білім арқылы бүкіл жаратылысты терең танып білеміз. Таным көкжиегін кеңейтіп, жаңа белестерге шығамыз. Ғылымның ең басты маңызы да осында. Күн санап өзгеріп жатқан қазіргі заманда тың идеялар мен технологиялық табыстар мемлекеттің қуатын арттырып қана қоймай, тіпті оның халықаралық аренадағы ықпалы да ғылыми-техникалық жетістіктермен өлшенеді.