Қазіргі жаһандану заманында ұлттық діңгегімізді сақтап, оны ұрпақ санасына сіңіру маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Білім қуған жастарға сапалы әрі ұлттық нақыштағы білім беру заман талабы деп санаймыз. Еліміздегі жоғары оқу орындарының көшбасында тұрған – қара шаңырақ білім ордасы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті оқу үрдісінде заманауи бағытта түрлі шараларды өткізіп келеді. Университетіміздің жүз жылға жуық тарихы бар. Білім алушылардың ғылым кеңістігін игеру үшін барлық жағдайлар жасалған: кітап қоры мол зәулім кітапханасы, сымсыз интернет желісімен, ақпараттық-инновациялық жабдықтармен қамтылған заманауи оқу залдары жастар үшін ғылым-білімге деген құлшынысын одан сайын арттыра түспек. Университетімізде үздік ғалымдар, профессор-оқытушылар құрамы қызмет етеді. Біздің университетте мамандықтар бойынша шетелдік ғалымдармен байланыс орнатылып, бірлескен форматта алуан түрлі шаралар өткізіледі.