Биыл Шығыс Түркістаннан кетуге мәжбүр болған қазақтардың Түркияға қоныс аударғанына 70 жыл толды. Бұл көштің қасіреті мен қайғысын естігенде адам жүрегі қан жылайды. Бақандай 20 жыл бойы көшіп-қонған қазақ қан жылаған жүрегін жұбатып, жыртығын жамап, табаны тозса да, мақсатына жетті. Дінін, тілін, қазақы болмысын Анадолы жерінде сақтап қалды. Биыл осынау атаулы датаға орай Түркияның Ыстанбұл қаласы Бағжылар ауданында «Қазақ-түрік бауырластығы» ескерткіші ашылды. Бұл – жай ғана ескерткіш емес, бұл екі ұлттың жаны бір, жүрегі ортақ, қиын-қыстау кезде бір-біріне туған аға-бауыр екенінің куәсі. Осыған орай, Шығыс Түркістаннан 17 жасында ағайын-туыспен бірге жолға шығып, 37 жасында Түркияға әзер жеткен, осы көштің жүрген жолын, тауқыметін, тағдырын қанша қиналса да, қағазға түсірген қазақтың біртуар ұлы Халифа Алтай еді. Ұлтқа деген жанашырлық пен адалдықты осылай көрсеткен атамыз өмірден өтсе де, артында ұрпағы қалды. Көштің 70 жылдығына орай Халифа Алтайдың Ыстамбұлда және Алматыда тұратын балаларымен арнайы барып жолықтық. Ұлы Әбдрахым Алтаймен сұхбаттастық! Бұған дейін айтылмаған кейбір деректердің шетін шығардық. Төменде балалары аузынан айтылған Алтайдан ауған елдің тағдырына қатысты сырлар мен біраз ақпараттарды жарияласақ деп шештік.