Адам баласы еңбек еткенде ғана көгеріп-көктеп, алдыға қарай дами түседі. Сондықтан болар еңбек адамына құрметпен қарау сонау ерте заманнан-ақ қалыптасқан үрдіс, бұзылмас қағида. Дегенмен адамзат баласының даму тарихына көз жүгіртсек жұмысшы тағдыры туралы келеңсіздіктерден көз сүрінеді. Ерте кезден кісі ақысы, еңбек ақысы туралы небір даналық сөздер адам баласының санасына сіңіріліп, сондай-ақ неше алуан заңдар қабылданып жұмыс істей бастаған бертінгі замандардың өзінде бұл мәселеде қаншама түйткілдер уақыт ағымымен қатар туындап отыратыны әлдеқашан белгілі болған.