ХХ ғасырдың басында қазақтың мүддесін қалай қорғау керек еді? Бұл Алаш қайраткерлерінің көкейінде тұрған ұлттың қамы үшін өзекті мәселе болатын. ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағыдай қолға қару алып көтеріліс жасаудың халық үшін тек зиян әкелетіні көзі қарақты әр азамат үшін анық еді. Ұлт тағдырына өздерін жауапты сезінген Алаш қайраткерлері қазақ халқының мүддесін қорғауда білектің күшімен емес, ақыл-ойдың қарымымен есе қайтарудың жолын таңдады. Бұл жол ұлттың мүддесін қорғауда ұлттық-саяси мінберге айналған «Қазақ» газетін өмірге әкелді.