Биыл 10 қазанда тарих ғылымына өлшеусіз үлес қосқан белгілі тарихшы-ғалым Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Қайдар Сейсембайұлы Алдажұмановтың туғанына 80 жыл толып отыр. Ұлттық мәдениет пен әдебиет һәм ғылымның он сан саңлақтары дүниеге келген Қарағанды облысына қарасты әйгілі Қарқаралы өңірінің тумасы. 1960 жылы Қарағанды қаласындағы №7 жалғыз орта қазақ мектебін ойдағыдай аяқтағаннан кейін өзі туған аудан орталығындағы «Восток» деп аталатын кеңшарға қатардағы жұмысшы болып орналасады. Бір жыл толар-толмастан совет армиясының қатарына шақырылып, 1961 – 1964 жылдары аралығында «азаматтық әскери борышын» атқарады. 1964 жылы сол кездегі республикадағы ең беделді жоғарғы оқу орны – С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне тарих мамандығы бойынша оқуға түседі. Студент кезінде-ақ өзінің оқуға зейінділігін, ғылымға бейімділігін таныта білген албырт та, алғыр жас өзінің парталас құрбы-құрдастарының ғана емес, факультеттің профессорлары мен оқытушылары арасында да үлкен беделге ие болды. 1962 жылы университеттің тарих факультетін үздік бітірген жас маман Қазақ ССР Ғылым академиясы құрамындағы жоғарыда аталған Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты директорының орынбасары, әйгілі тарихшы-ғалым профессор Г.Ф. Дахшлейгердің тікелей ұсынысымен әрі қолдауымен аталмыш институттың «Ұлы Отан соғысы тарихы» бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып орналасады. Сол кезде одақ көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде де аса көрнекті тарихшы-ғалымдардың санатындағы (марқұмның қазір де ғылыми беделі әсте түсе қойған жоқ) осынау кірпияз мінезді профессордың сеніміне кіре білу Қайдекеңнің ғылыми ортада жас та болса беделінің жүре бастағандығының айшықты айғағы болса керек.