1920 жылдары Қазақстанда түбегейлі орнаған большевиктік биліктің нәтижелері қоғамның түрлі салаларында көріне бастады. Ол әсіресе әлеуметтік салада айқын байқалды. Себебі, 1920 жылдары кеңестік қоғам экономикалық тұрғыда көптеген тәжірбиелер мен сынақтарды бастан кешірді. Яғни, 1917 жылғы революция, екі жойқын соғыс (Бірінші Дүниежүзілік, Азаматтық), аштық, күрделі әлеуметтік жағдай, экономикалық дағдарыс, саяси және әлеуметтік толқулар, моральдық позицияның әлсіреуі, идеологияның өзгеруі т.б. сілкіністер орын алды. Осы өзгерістер мен тұрақсыздықтар қоғамның әлеуметтік тұстарына әсер етіп, адамдардың жеке ахуалдарының күрделенуіне әкеліп соқты. Қоғамдық-әлеуметтік үдерістердің нәтижесінде жаңа әлеуметтік институттар пайда болды. Соның бірі, қазақ социумында қалыптасқан әлеуметтік қорғау жүйесінің жойылуына алып келген балалар үйі болып табылады. Большевиктік билік тұсында кеңес адамын тәрбиелеу саясатындағы Балалар үйінің қалыптасуының мәнін ашу, кеңестік жүйедегі әлеуметтік саясат бағытында панасыздық пен балалық шақ мәселелеріне қатысты жүзеге асырылған реформаларды талдау өзекті болып табылады. Өйткені, XX ғ. 20–30 жылдардағы панасыздықты жою тәжірибесін бүгінгі жаһандану заманында дәстүрлі қазақ қоғамының әлеуметтік-мәдени құндылықтарын жаңғырту аясында салыстыра зерттеудің маңызы зор. Заманауи Қазақстанның жеткіншектерін мемлекеттік қолдауда, мемлекеттің әлеуметтік-мәдени жүйесін жетілдіруде, қоғамның тұтастығын қалыптастыруда кеңестік кезеңдегі ұлттық кодқа залалды салдары болған саяси реформаларды айшықтау, қазақ халқының рухани гуманизм идеяларын қайта жаңғырту ұтымды.