Қазақ халқының XIX ғасырдың 30-40 жылдарындағы Кенесары Қасымов басқарған Ұлт азаттық күресінің басты жеңістерінің бірі – Ақтау бекінісін алу шайқасы. Биыл сол біріккен қазақ сарбаздарының империяға қарсы жанқиярлық күресінің өткеніне 185 жыл толады. Ел тарихында өзіндік өшпес орны бар айтулы оқиға қанша ғасыр өтсе де ұмытылмайтыны анық. Мұның бабалар ерлігі арқылы ұлт ұрпағын тәрбиелеуде де маңызы жоғары. Оған қоса марғасқа марлан далада өткен осы майданда көзсіз ерлік көрсеткен Көкбөрі Керней Аққошқар батырдың ұрпақтары баба рухына тағзым етіп, құласа да құндылығын жоғалтпайтын көне кесенесін қайта көтеріп, ас беруге ниет етіп отыр.