Методология грек тілінен аударғанда metodos – таным жолы, logos – ілім деген мағынаны білдіреді. Тарих методологиясына келетін болсақ, ол адамзаттың өткенін зерттеп білуде пайдаланылатын таным жолы. Тарих методологиясын зерттеу бағытында өзіндік зерттеулерімен ерекшеленетін Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Оразгүл Хасенқызы Мұхатованың жетекшілігімен Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында методологиялық семинарлар өткізілуде. Методологиялық семинарларды ұйымдатырудағы негізгі мақсат – тарихшы ғалымдарымызды тарихты зерттеудегі басты құрал болып табылатын тарихи методологияның әдістерімен, тәсілдерімен, белгілі бір деңгейде қалыптасқан теорияларымен таныстыру, зерттеу жұмыстарында оларды шебер пайдалануға үйрету және ғалымдарымыздың өзіндік тәжірибесінен өткен әдіс-тәсілдермен бөлісу болып табылады.