Жерден басқа ғарыш денелерінде де өмір болуы мүмкін екендігі, оның ішінде саналы тіршіліктің болуы туралы ғалымдар ерте заманда-ақ жаза бастаған. Ал Жюль- Верн, Герберт Уеллс сияқты фантас жазушылар бұл тақырыпты шытырман оқиғаларға негізделген романдарына арқау етті. Дегенмен, ерте кезде өзге планеталықтар туралы пікір ғылыми гипотеза немесе қиялгер жазушылардың фантастикалық шығармасы негізінде ғана болса, соңғы уақытта өзге планетадан келген келімсектерді көзімен көрген, тіпті олардың ғарыш кемелерінде болып, сөйлескен куәгерлер қатары көбейіп кетті.