Сарыарқа өңіріндегі ортағасырлық қалашықтардың көпшілігі оңтүстік пен солтүстік арасындағы керуен жолдарымен байланысты. Қазақтың ауызша дәстүрінде бұл бағыттағы жолдардың бәрінің басын қосып Ұлы жол атайды, ғылыми әдебиетте Меридиан жолы деген ұғым қолданылады. Түркістан аймағынан шыққан керуендер Бетпақ даланы кесіп өткен соң үш бағытта алға жылжиды, оның біріншісі Болат тауы арқылы шығыс аймақтармен Қарақаралы одан Ертіске шығады, екіншісі Орталық Қазақстан –Ақтау, Ортау, Қызылтау арқылы Ібір-Сібірге бағыт алады, үшіншісі Терісаққан арқылы Есілге түседі. Есіл өзені Еуразияның орталық бөлігін меридиан бағытында кесіп өтетіндіктен керуен жолдарына, саудасына тікелей қатысы бар.