Сұлтан Бейбарыс немесе оның толық есімі әл-Мәлік әз-Заһир Рукн-әд-дин Бейбарыс әл-Бұндуқтари әс-Салих [1] Мысыр мен Сирияда билік құрған қыпшақ текті даңқты қолбасшы, Мәмлүк мемлекетінің сұлтаны. Сұлтан Бейбарыс – 1233 жылы Қара теңіздің солтүстігінде дүниеге келген қыпшақ. Оны он төрт жасында моңғолдар тұтқынға алса керек. Ол тұтқын ретінде Сивас-Алеппо арқылы Дамаскіге жеткізіліп, осы жердегі құл базарында сатылған. Бейбарысты сатып алған Айюбид сұлтаны Салих Эйюбтің мәмлүктерінің бірі болған Айтекин әл-Бундукдари. Кейінірек, 1246 жылы оның зеректігі Салих Эйюбтің көзіне түскенде, оны сатып алып, әскери дайындықтан өту үшін әскери казармаға жібереді. Білімін тәмамдаған Бейбарыс әскерге алынып, крестшілермен бірнеше шайқастарға қатысып, аз уақыттың ішінде билеуші дәрежесіне дейін көтеріледі.