СӨЗ БАСЫ«Обозрение Киргиз-кайсакской степи или описание страны и народа киргиз-кайсакского» деген атаумен 1803-1804 жылдары қатталған орыс офицері Я. П. Гавердовскийдің жол-сапар күнделігі арнайы тақырыпта терең зерттеліп, онда қамтылған этнографиялық мәліметтердің, тарихи деректердің артық-кемі екшеліп, мән-маңызы зор тұстары жүйеленіп, қазақ шежіресінің шынайы дереккөздерінің біріне айналуы тиіс-тұғын. Өкінішке қарай, бұлай болмай тұр. Ең сорақысы – сол, соңғы уақыттарда кейбіреулер өз руының, аталастарының артықшылығын көрсету мақсатында көңілі қалағанша бұрмалап, аталған еңбектегі Әлім Қаракөбек би мен Боранбайдың айтуында түзілген қалмақтармен қақтығыста қаза болған Бөгенбайға қатысты оқиғаларды, шоқы атауын еш қисынсыз Табын Бөкенбайға таңуда. Тарихи деректерге қиянат жасалуда, елді адастыруда. Кейбір бәтуасыздар айтқан он дәлеліңе жүз өтірігін айғақ қып әуре. Бұл да – рушылдық дерттің тым асқынып, сананың төмендегенінің бір куәсі. Шама-шарқымызша тарихқа араша түсіп, түйсігі бар қазақ көңіліне түйе жүрсін деген ниетпен, орыс офицері Я. П. Гавердовскийдің жаңа атап өткен жол-сапар күнделігін мұқият оқып, жан-жақты зерделедік, көз жеткізген ақиқатты назарға ұсындық.