1891 жылы 25 наурызда император ІІІ Александр «Дала облыстарын басқару туралы ережені еңгізу және Түркістан өлкесін басқару туралы ереженің кейбір баптарын өзгерту» атты жарлыққа қол қойып «Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы Ережені «жоғары деңгейде бекітіп, орындалуын бұйырды» [1, 500 б.]. 1891 жылғы Дала ережесі патшалық Ресейдің барлық заңдары сияқты «отаршылдық тәртіптің тікелей жүргізушісі болуға тиісті орыс басқару жүйесін құруға бағытталған» [2, 18 б. ] және оны іске асыруда Қазақстанның далалық облыстарының уездік басшылығы маңызды рөл атқарды.