«Ат аунаған жерде түк қалады» демекші, Зайсан өңірінде халқымыздың тарихы төрінен орын алар алыптар мен абыз- дардың ізі қалған. Зайсанды Шығыс өңірінің жұртшылығы ақындар мен жыршылар елі деп құрмет тұтады. Қара Ертіс бойы қаһармандары мен Зайсаннан шыққан заңғарлар жайында өңірдің білгір маманы, белгілі өлкетанушы Ғалым Байбатыровтың еңбектерінен еркін пайдаланамыз. Зайсанға қатысты абыздар елі, алыптар елі деген сипаттаулар жайдан-жай айтылмаған. Оның бастауы тым әріде жатыр. Бергісі қазір қолына қалам алып, әдебиет әлеміне талпынған бүгінгі жастар десек, арғысы Орхон, Енисей жазбалары деп тарихта қалған тас кітаптар авторларының бірі – дана Тоныкөк. Тас кітаптан қазіргі кітаптарға дейін қаншама замандар өтті. Бәрі ел есінде. Осылардың бәрі өлең-жырларда, аңыз-әңгімелерде, кітаптарда өрнектелді.