Қазіргі әлеументтік желі адам ақыл ойының негізгі барометрі десек артық айтқандық емес. Бүгінде барлық мемлекеттерді тікенек темірлер (шекаралар) бөлгені болмаса, виртуалды әлем оларды толығымен біріне-бірін қосып, жымдастырып жіберді десек те болады. Дәл қазір қос табанымыз қара жер бетінде тұрғаны болмаса ақыл-ойымыз бен арман-мұратымыздың бәрі осы әлемнің ішіне кірігіп кетті. Виртуалды әлемді бейне бір жаңа жаратылған планета дерсіз. Қалай десек те интернет арқылы адамзаттың ойлау тұрпаты көп өзгеріске түсті.Дөңгелек дүниенің біртұтас процесті бастан кешіріп жатқандығы рас болса, онда біздерге енді қазақтың ғана «ақылманы» болып отырудың аздық етері айдай ақиқат болды. Кімде-кім осы кеңістікке өз ықпалы мен патшалығын орынатса, су жаңа планетаның қожайыны да сол болары сөзсіз. Мұны арнайы айтып отырғанымыз, аталған әлеуметтік желілер, ондағы ерекше жазбалар арқылы жаңа есімдер легі пайда болды. Сондай жанның бірі өзім үшін аса қадірлі, ҚР «Құрмет» орденінің иегері Жадырасын Сәдуақасов дер едім. Жадырасын ағаның ғылыми деректерге толы физикалық әм философиялық жазбаларын ұдай бақылап жүретін оқырманы ретінде ілгеріде Шәкәрім Құдайбердіұлының «Айқап» журналы арқылы алаш баласына жолдаған онтологиялық бес сауалының төңірегінде пәлсапалық сыр сұхбат құрған едік. Сол сұхбатты өздеріңізге ұсынып отырмыз мәртебелі оқырман қауым...