Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы атамыздың естелігінде мынадай жолдар бар екен: «Біздің халық соғысқа ерлікпен қатысты, бірақ оның құны өте қымбат. Осы күні ауыл толған жесірлер мен жетімдер. Соғысқа барған жүз қазақтың жетпіс-сексені қайтқан жоқ, себебі маған айқын – әскери тәжірибе, әскери тәрбиенің дағдылану нашарлығы». Рас, біз жоғалтқаны көп елміз, басқасын айтпағанда осы соғыста қаншама адамды жоғалттық, жетім мен жесірдің төгілген көз жасы, тылдағылар кешкен бейнет, майданға кеткен ұлын күтумен сарғайған аналардың сағынышы... Арада сексен жыл өтсе де біз мұны ұмыта алмаймыз. 1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғыс туралы естеліктерге, соған қатысты деректерге оралып отырамыз. Бұл біздің тарихымыз. Осы соғысқа қатысты сұрақтарымыз да әлі күнге шейін таусылар емес. Сол сұрақтың кейбіреуіне БҚО тарихи-өлкетану музейінің бөлімі М.Мәметова мемориалдық музейінің меңгерушісі, "DANA" орталығының ғылыми қызметкері, «Атамекен» балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының қосымша білім беру педагогы, ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Үздік өлкетанушы» төс белгісінің иегері Ахмедияр Батырханов жауап берген еді.