Тарих ғылымы ұлттың жүріп өткен жолдарын зерделеп, деректермен, дәлелдермен, құжаттармен анықтап, айғақтай отырып, түйін жасап, сол арқылы ұлт ертеңін бағдарлай білетін ғылым. Ұлттың өсу, өркендеу немесе күйреу жолындағы шындық бұрмаланбауы тиіс, тек қана ақиқат биігінен зерделенсе ғана ол аса құнды болмақ. Өйткені тарих арқылы халықтың ұлттық санасы қалыптасады. Келер ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезіну де осыған байланысты. Соңғы кездері ұлт тарихына қатысты көптеген ақтаңдақтар ашылып жатыр. Соның ең маңыздылары өткен жиырмасыншы ғасыр басындағы қуғын-сүргін құрбандарына қатысты, тоталитарлық жүйенің кейбір «жабулы» жағдайларына қатысты деректер. Алматы мен Нұр-сұлтаннан шалғай жатқан Батыс Қазақстан облысында да бұған қатысты жұмыстар қарқын ала бастады. Осы бағыттағы ғылыми-ізденіс жұмыстары жөнінде толығырақ білу мақсатында М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті Қазақстан Республикасының тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Байбулсинова Альфия Сабырғалиқызымен сұхбаттасқан едік.