`ҚР Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы` Заң қабылданып, күшіне енгелі, қоғамда резонансты жайттар көбейді. Қарапайым отбасы, қарапайым азаматтар арасындағы мұндай дау-дамай болмай жатқан жоқ, екі күннің бірінде болып жатыр, ажырасу деңгейі дейсіз бе, қол көтеру, жазым қылу дейсіз бе, бұл жағынан Қазақстан антирекорд жасаған елдердің қатарында. Мәселе ел сенім білдірген, жоғары лауазымда жүрген азаматтардың отбасында болып жатқан айқай-ұйқай. Отбасын басқара алмаған азамат елді басқара ала ма дерсің, алайда кінә біржақты ма? Әділін айту қиын. Бірақ қазір әлеуметтік желінің кісіге жал бітіріп, жел беретінін ескерсек, біреуді ақ, енді бірін қара деп кінәлауға болмайтынын түсінеміз. Құқықтық мемлекетте екі адам арасындағы мәселе таяқпен емес немесе әлеуметтік желіде күйе жағумен шешілмеуі тиіс. Жанжал, шағым, шешім - бәрі құқық қорғау органдары мен соттың өкілеттігімен реттеледі. Сондықтан біз де осындай отбасылық дау-дамайға соттан бұрын баға беруге асықпауды жөн көрдік. Алайда, өз шындығын айтам деген азаматқа ақпараттық алаң ұсынатын журналистік дәстүрімізбен келісім бердік.