Байахмет Жұмабайұлы шығармашылық жолын газет-журналдарға ерікті тілші, яғни автор ретінде бастаған. Әдебиеттегі тырнақалды туындысы – 1978 жылдары жазылған «Дүкендегі жас» атты әңгімесі еді. Осыдан кейін ол «Зәруге дәру» «Ізғұтты батыр», «Ақыт», «Түнекте туғандар» сияқты 10 роман, 12 повесть, 200-ден астам әңгіме, 50-ден аса өлең, ән мәтіндерін өмірге әкелді. Сондай-ақ танымдық, публицистикалық 5 кітабы, «Дала тағылымы», «Жартастар үн қатады», «Ою-өрнек әлемі» қатарлы 8 ғылыми-этнографиялық кітабы, «Отарбай жырау», «Күмбірлеген күй сыры» сияқты 5 фольклорлық еңбегі жарық көреді. Осылайша қаламгер өмір жолын ұлтының тарихын, рухани құндылығын зерттеуге арнап келеді. Ендеше Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, ҚХР мемлекеттік жазушылар, фольклоршылар қоғамының мүшесі Байахмет Жұмабайұлын біз де әңгімеге тартқан едік.