Тарихыңды танып-түстемей келешегің кемелденбейді. Тарихи дерек-дәйек шындықпен өріліп, ақиқатқа суарылуы тиіс. Онсыз жалған оқиға, жалаң жайттар қаптай бермек. Елдігіміздің іргесі саналатын тарихымызды түгендеу бағытындағы жұмыстар егемендігімізді алған уақыттан кейін қарқын алып, еңсесін тіктеді. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні, яғни 31 мамырда халыққа жасаған үндеуінде былай деген болатын: «Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін біз арыстарымызды ақтауға кірістік. Кезінде жазықсыз жазаланған мыңдаған азаматтың есімін ел жадында жаңғырттық. Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін Мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия солақай саясаттан жапа шеккен қазақстандықтарға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіруге тиіс. Бұл – мемлекеттің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның шаруасы. Төл шежіреміздегі қайғылы кезеңдерді ұлттық бірегейлігімізден бөле-жара қарау мүмкін емес. Сондықтан біз саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етіп, есімдерін мәңгі есте сақтаймыз».